08.02.2010 | Павлодарлық мұғалім Сәуле Арынова «шағым айтқаным үшін жұмыстан қуылдым» деп сотқа арыз жазды
Бекзат Жүсіп
Павлодарлық мұғалім Сәуле Арынова «шағым айтқаным үшін жұмыстан қуылдым» деп сотқа арызданды. Жұмыссыз қалуының себебін ол Президентпен тікелей эфир кезінде жергілікті мектептердегі заңбұзушылықтар туралы ашық айтқанымен байланыстырып отыр. Дегенмен шенеуніктер арызданушының жұмыстан босатылуына бұл жағдайдың қатысы жоқ дейді. Олардың айтуынша, тексеру жүргізген Қаржы полициясы мен Прокуратура өкілдері Павлодардағы білім ошақтарынан ешқандай заңбұзушылық таппаған.
Павлодар тұрғыны Сәуле Арынова Елбасыға арызданған соң, бір жұма өтпей қызметінен босатылғанын айтады. Ұстаздың ойынша, жергілікті білім беру бөліміне оның Президентке жеткізген шындығы ұнамады.
Сәуле Арынова, Павлодар қаласындағы №12 орта мектептің бұрынғы мұғалімі:
- Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей эфир арқылы мектеп директорлары қызмет орнын сатып алатынын, мұғалімдерді тамыр-таныс арқылы алатынын, директор өз адамдарын ертіп әкелетінін айттым. Оған қоса, білім жүйесінің жоқтығын, Ата Заңның орындалмай отырғанын, ата –аналардан мәжбүрлеп ақша жинайтынын да ашық жеткіздім.
Оқытушының арызы тікелей эфир барысында шықпағанымен, Президент әкімшілігі оны қараусыз қалдырмай, қала басшылығына жолдапты. Бірақ тексеру барысында Қаржы полициясы мен прокуратура өкілдері Сәуле Арынова істеген білім мекемесінен ешқандай заңбұзушылық таппаған. Ал Арынованы жұмысынан босатқан білім бөліміндегілер бұл жағдайға «ұстаздың кәсіби деңгейі себеп болды» дейді.
Тамара Иванова, Павлодар қалалық білім бөлімі бастығының орынбасары:
- Сауле Зайкенқызын жұмыстан шығаруымызға, оның Елбасыға шағымдануының еш қатысы жоқ. Мұндай мәселенің көтеріліп отырғаны бірінші рет емес. Ол өзінің кәсіби міндетін орындамағаны үшін тәртіптік жазаға тартылды.
Мектеп басшылығын сотқа берген Сәуле Арынованың алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталды. Дегенмен ұстаз сот шешімімен келіспей шағым жазып, өзін жұмыстан шығарған оқу орнынан өтемақы өндіріп алмақшы.