08.02.2010 | Ақтөбе: құқық қорғау органдарына қарсы қарулы шабуыл ұйымдастырмақ болған үш тұрғынға қатысты сот үкімі шықты
Жаңалық Ахаш
Ақтөбеде Ресейдегі бүлікшіл топтарға қосылып құқық қорғау органдарына қарсы қарулы шабуыл ұйымдастырмақ болды деп айыпталған үш тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Ғаламтор арқылы радикалдық мәтіндегі хаттар жазып, Қап тауы аумағына жету жолдарын жоспарлаған топтың басшысы 7 жылға, ал оның екі сыбайласы 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Естеріңізде болса, Ислам дінін теріс насихаттап, «қарулы жиһатқа қатыспақ болды» деген айыппен қамауға алынған 23 жастағы ақтөбелік үш азаматқа қатысты сот процесі осыдан бір жарым ай бұрын басталған еді. Айыптаушы жақтың мәлімдеуінше, үш жігіт ғаламтор арқылы радикалдық мәтіндегі хаттар жазып, Ресей аумағындағы лаңкестік ұйымдарға қосылуды жоспарлаған. Оған дейін Атырау арқылы Ресейдің Астрахань қаласына бет алған топты «Қарөзек» бекетінде көрші елдің кеденшілері ұстап «шекарадан өту тәртібін бұзды» деген айыппен әкімшілік жазаға тартқан болатын. Дегенмен ұсталғандар Дағыстанға тек саяхатқа бара жатқанын айтып, тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспейтінін жеткізген еді. Олардың туған-туыстары да сот отырысы барысында ҰҚК тарапынан қысым көрсетілгенін айтып шағымданған болатын. Енді жазаға кесілгендер облыстық сотқа шағым жазбақшы.