08.02.2010 | Қаржы полициясы Таиландта ұсталып, елге қайтарылған әкелі-балалы Уәлихановтарға қатысты істі тергеуге кірісті
Нұржан Сабырұлы
Еліміздің Қаржы полициясы Таиландта ұсталып, елге қайтарылған әкелі-балалы Уәлихановтарға қатысты істі тергеуге кірісті. Осыдан 2 жыл бұрын 800-ге тарта үлескердің ақшасын иемденіп, Таиландқа қашқан Құлман және Ғазиз Уәлихановтар қазір Астанадағы тергеу абақтысында отыр. Елордада 4 көпқабатты тұрғын үй кешенін саламыз деген олар үлескерлерден 2 млрд теңгеге жуық қаражат жинап алған.
Уәлихановтар басшылық еткен «Бакылау», «Асар-СМ», «Заки» секілді компаниялар әу бастан-ақ алаяқтық мақсатта құрылғанға ұқсайды. Оларды 26 жастағы Ғазиз Уәлиханов басқарса, оның әкесі Құлман компаниядағы екінші адам болып қызмет атқарған. Әрине, бәрі тек қағаз жүзінде. Олай дейтініміз, үлескерлердің қаржысына салынбақ болған “Бейбітшілік”, “Құлан”, “Шымбұлақ” және “Возрождение” тұрғын үй кешендерінің тек алғашқы жұмыстары ғана жүзеге асырылды. Қаржы полициясы Уәлихановтарға 2008 жылы халықаралық іздеу жариялады. Содан бері олардың Таиландтың ең танымал курортты қаласы Паттайяда бой тасалағаны анықталды. Өткен аптада күдіктілерді Тайланд полициясы Қазақстанға экстрадициялаған болатын. Бізге мәлім тағы бір ақпарат, Уәлихановтар өз кінәларын мойындамайтындықтарын айтқан.
Мұрат Жұманбай, ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі:
- Оларға «Бейбітшілік», «Құлан», «Шымбұлақ» және «Возрождение» тұрғын үй кешендерінің үлескерлік құрылыс қатысушыларының 1,9 миллиард теңгеден аса ақшалай қаражат ұрлады деп айып тағылған. Уәлиханов Құлман мен Ғазиз ағымдағы жылдың 4-ақпанында Қаржы полициясы қызметкерлерімен Астана қаласына жеткізілді және тергеу абақтысына отырғызылды.