08.02.2010 | Петропавл: қорғаныс саласының бұрынғы зауытының аумағында жойқын өрт болды
Асқар Махмұтұлы
Петропавл орталығында жойқын өрт болды. Қызыл жалын қорғаныс саласының бұрынғы зауытының аумағында тұтанған. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің барлық күші жұмылдырылғанымен, тілсіз жау тек 6 сағаттан соң ғана ауыздықталды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.
Алдын ала болжамдарға қарағанда, апатқа өрт қауіпсіздігі ережелерінің өрескел бұзылуы себеп болған. Оқиғаға куә болған осы аудандағы тұрғындар қатты жарылыстан оянып, бірден өрт сөндірушілерді шақырғанын айтады. Мамандардың айтуынша, кезінде қорғаныс саласының зауытына тиесілі цехтарды жергілікті кәсіпкерлер көлік жөндейтін орынға айналдырған. Өрт сөндірушілер гараждағы 30 көлікті дер кезінде сыртқа шығарғанымен, 5 техника тұтастай жанып кетті. Қазір келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр. Жалын шарпыған жердің аумағы шамамен 200 шаршы метр. Төтенше жағдай мамандарының мәліметінше, жұмыс барысында зауытта өрт сөндіруге арналған бірде-бір гидранттың болмауы қиындық туғызған. Олардың істен шығуына қатты аяз себеп болған көрінеді.
Кенжеболат Айтжанов, СҚО өрт сөндіру қызметінің аға жедел кезекшісі:
- Биылғы қыс өтте қатты. Ең жақын маңдағы гидрант бір жарым шақырым жерде. Облыстық ауруханада, қалалық су арнасы мекемесінен және драма театрынан су толықтырып отырдық. Едәуір көп мөлшерде су керек болды.